нормативтік құжаттар » Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектебі
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Меркі ауданының білім бөлімінің
«Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72632) 2-46-39
Есепші бөлімі:
+7(72632) 2-46-39
Нашар көрушілер
нұсқасы
01
июнь
2017

нормативтік құжаттар

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы 23 тамыздағы

№ 1080 қаулысымен

бекітілген

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

      Ескерту. Стандарт жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2016 № 292 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы

      27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мектеп жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.

      Стандартта "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терминдер қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:

      1) индикатор – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;

      2) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөліктері арасындағы байланысты жасайтын процесс;

      3) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып, барлық балалардың тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;

      4) білім беру ортасы – мектеп жасына дейінгі балалардың тиімді тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік дамуы үшін пайдаланылатын перспективалық міндеттер мен құралдар жиынтығы қисынында құрылған мектепке дейінгі ұйымның ішкі өмірінің тұтас сипаттамасы;

      5) білім беру траекториясы – педагогтің ата-аналармен және басқа мамандармен бірлесіп белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін межелеген бала дамуының үздіксіз процесі;

      6) ұйымдастырылған оқу қызметі – педагог ұйымдастырған және тәжірибеде қолдануға қажетті білім, білік, дағдыларды меңгеруге бағытталған әрекеттің бір түрі;

      7) мектепке дейінгі ұйымда балалардың тіршілік әрекетін

      ұйымдастыру – балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың физикалық, адамгершілік және зияткерлік дамуы үшін уақытты үйлесімді бөлу және қолайлы жағдайларды жасау;

      8) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – бұл мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік дамуын қамтамасыз ететін жағдайлардың жүйесі;

      9) күн тәртібі – бұл баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты ұтымды бөлу және түрлі әрекет түрлері мен демалыстың дұрыс өзара сабақтастығы;

      10) үлгілік оқу жоспары – стандарттың негізінде жасалған мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін қамтамасыз ететін мемлекеттік нормативтік құжат.

      2. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары білім беру қызметін:

      1) осы стандартқа;

      2) үлгілік оқу жоспарларына;

      3) жалпы білім беретін оқу бағдарламасына;

      4) Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

      3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты:

      1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын айқындайды;

      2) оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, заттық-кеңістіктік дамытушы ортаның мазмұнына, тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

      4. Стандарт талаптары:

      1) үлгілік оқу жоспарларын;

      2) баланың қызығушылықтары мен бейімділіктерін іске асыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын және қосымша бағдарламаларды әзірлеуге негіз болып табылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасын;

      3) мектепалды даярлықтың білім беру бағдарламасын;

      4) мектепке дейінгі ұйымдарда олардың ведомстволық бағыныстылығына, меншік нысанына, типтері мен түрлеріне қарамастан білім беру процесін жүзеге асыруды;

      5) мектепке дейінгі ұйымдарға арналған оқу-дидактикалық құралдар мен әдістемелік ұсынымдарды;

      6) мектепке дейінгі ұйымдар мен педагогтардың қызметін мемлекеттік аттестаттау талаптарын;

      7) ерекше білім беруге қажеттіліктері бар (психикалық және физикалық дамуында түрлі ауытқушылықтары бар) балаларға арналған білім беру бағдарламасын;

      8) балалардың қызығушылықтары мен бейімділіктерін дамыту бойынша қосымша білім беру бағдарламаларын;

      9) педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын әзірлеу кезінде міндетті.

      5. "Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар" деген бөлімде әрбір баланың жетістіктерінің психологиялық-педагогикалық диагностикасы негізінде ұйымдастырылған оқу қызметі мен режимдік процестер арқылы іске асырылатын білім беру салалары бойынша күтілетін нәтижелер көрсетілген.

      6. "Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар" деген бөлімде мектепке дейінгі білім берудің мақсаты, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерудің нормативтік мерзімдері, типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептердің мектепалды сыныптарында балалардың міндетті түрде меңгеруі тиіс мазмұнның көлемі көрсетілген.

      7. "Оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптар" деген бөлімде жас кезеңдеріне сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметінің ұзақтығы және оларды санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес жүргізу көрсетілген.

2. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      8. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасының мазмұны:

      1) күтілетін нәтижелер түріндегі мақсаттар жүйесіне жету есебінен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыруға;

      2) ұлттық дәстүрлерге, сондай-ақ жалпы адамзаттық қағидалар мен нормаларға негізделген рухани-адамгершілік және мәдени-әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыруға;

      3) тәрбиелеу, дамыту және оқытудың мақсат-міндеттерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптардың, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру деңгейлерінің арасындағы жүйелілік, тұтастық, сабақтастық және үздіксіздік қағидаттарының бірлігін қамтамасыз етуге;

      4) балалардың, соның ішінде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық жағдайларды жасауға;

      5) мектеп жасына дейінгі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын қызметінен оқу қызметіне біртіндеп өтуге дайындыққа;

      6) жеке тәсілдер негізінде балалардың түрлі іс-әрекеттерінде олардың қабілеттерін, бейімділіктерін, талаптары мен дарындылықтарын дамытуға;

      7) мектеп жасына дейінгі балалардың бастауыш мектепте оқуына тең мүмкіндік беруді көздейтін қарапайым қимыл-қозғалыс, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық білім, білік және дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

      9. Әрбір жас тобы бойынша дағдыларды меңгеру деңгейі осы стандартқа қосымшаға сәйкес 1, 2, 3, 4, 5-кестелерде келтірілген.

      10. Баланың қалыптасқан дағдылары:

      1) дене бітімі дамыған;

      2) білуге құмар;

      3) белсенді;

      4) эмоциялық елгезек;

      5) үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасау құралдары мен өзара іс-қимыл тәсілдерін меңгерген;

      6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (елі), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;

      7) мектепте оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген мектепке дейінгі ұйым түлегінің моделін сомдайды.

3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар

      11. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мақсаты осы жас кезеңінде тұлғаның қалыптасуы үшін қажетті алғашқы білім, білік және дағдыларды қалыптастыру болып табылады.

      12. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту:

      1) балаға өмір бойы қажетті жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болып табылатын жалпы адамзаттық құндылықтарға баулуға;

      2) халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға, әдебиет пен өнерге, фольклор мен еліміздің мәдени мұрасына негізделген білім беру мазмұнын іске асыруға;

      3) ерекше қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасауға;

      4) мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған және қамтылмаған балаларды дамыту мәселелерінде ата-аналардың біліктілігін арттыру, оларды психологиялық-педагогикалық консультациялық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған.

      13. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны әртүрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы кіріктіру жолдарымен іске асырылатын: "Денсаулық", "Коммуникация", "Таным", "Шығармашылық", "Әлеуметтік орта" бес білім беру саласына негізделген.

      14. "Денсаулық" білім беру саласы.

      Мақсаты: өз денсаулығына саналы қарауды дамыту, денсаулықтың адамға табиғаттың берген басты құндылығы екенін түсінуге тәрбиелеу, қимыл белсенділігін дамыту және дене бітімі қасиеттерін қалыптастыру.

      "Денсаулық" білім беру саласы дене бітімі қасиеттерін дамытуды; негізгі қимыл түрлерін жетілдіруді; қимыл дағдыларын қалыптастыруды; қимыл ойындарының түрлерін ұйымдастыруды және өткізуді; спорттық жаттығуларды орындауды (шанамен, шаңғымен сырғанау, велосипед тебу, жүзу); спорттық ойындардың (футбол, баскетбол, бадминтон және басқалар) элементтерімен танысуды қамтиды.

      "Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және балалардың қимыл-қозғалыс тәжірибесін негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы байытуға; шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін пайдалана отырып, тәрбиеленушілердің қимыл белсенділігіне сұраныстарын жетілдіруге бағытталған.

      "Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) дене шынықтыру;

      2) қауіпсіз мінез-құлық негіздері.

      15. "Коммуникация" білім беру саласы.

      Мақсаты: айналадағы адамдармен араласуға қабілетті, көптілді тұлғаны тәрбиелеу үшін баланың қажетті коммуникативтік дағдыларын дамыту.

      "Коммуникация" білім беру саласы балалар әрекетінің әртүрлі нысандары мен түрлерінде ауызша және байланыстырып сөйлеуді, шығармашылық сөйлеу әрекетін дамытуды; тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді; белсенді сөздікті байытуды, тілдің грамматикалық жағын қалыптастыруды, балалар әдебиетімен таныстықты дамытуды, мәнерлеп оқуды және мазмұндауды; мемлекеттік, орыс, ағылшын және басқа тілдерді дамытуды қамтиды.

      "Коммуникация" білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін араласу дағдыларын дамытуға; зейінділікке, сөйлеуге, балалар әдебиетіне қызықтыруға бағытталған.

      "Коммуникация" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сөйлеуді дамыту;

      2) көркем әдебиет;

      3) сауат ашу негіздері;

      4) қазақ (орыс тілінде оқытылатын топтарда), орыс (қазақ тілінде оқытатын топтарда) және шет тілдерінің бірі;

      5) драма.

      16. "Таным" білім беру саласы.

      Мақсаты: қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл үшін қажетті танымдық әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерген мектепке дейінгі тұлғаны қалыптастыру.

Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив